Түркістан облысында жол-көлік оқиғасынан көз жұмғандар саны көбейген

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандардың саны 10%-ға көбейген. Бұл туралы облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асылхан Төреханов кеше өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде қабылданған шаралардың нәтижесінде жол-көлік оқиғалары өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42,1%-ға, жарақаттанғандар саны 53,3 %-ға төмендеген. Ал, қаза тапқандардың саны 10%-ға өсіп отыр. Сондай-ақ, жылдамдықты арттыру, жаяу жүргіншіні қағып кету, автокөлікті мас халде басқару және арақашықтықты сақтамау көрсеткіштері де артқан.

«Бүгінде облыс аумағында республикалық, облыстық маңызы бар және елді мекендердегі жолдарды жөндеу, сызбаларын сызу, жол белгілерін ауыстыру жұмыстары басталды. Одан бөлек, жол бойына үй жануарларының макеттері мен бірқатар қала, аудандарда мектеп алдындағы жолдарға сары түсті ескерту паннолары орнатылды. Департамент бастығының нұсқауына сәйкес, қала, аудандарда апаттарды азайту мақсатында бірнүктелік жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Ондағы басты назар жылдымдықты арттыру, қарсы жолаққа шығу, басып озу және маневр жасау ережелерін бұзу, көлікті мас халде басқару деректерін анықтауға бағытталған», - деді Асылхан Төреханов.


Соңғы жаңалықтар