Түркістан облысында жоғары технологиялы жылыжай кешені салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Қотырбұлақ елдімекенінде 2020 жылы құны 500 млн долларға жоғары технологиялы өндірістік жылыжай кешені іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жылыжайға 245 гектар жер телімі бөлініп отыр. Оның 220 гектары жылыжай кешені болса, ал 25 гектарға дайын өнімді сақтайтын заманауи нысан салынбақ. Жобаны толығымен түркиялық Dal Holding Investment Cо., Ltd компаниясы жүзеге асырады. Бизнес-жобаға сәйкес, жылыжай кешенінде қияр, қызанақ пен болгар бұрышы өсіріледі.

Айта кетейік, биыл жылыжайдың қоршау жұмыстары жүргізіліп отыр. 2020 жылы нысан құрылысы басталады.

Жоба іске қосылған соң жылыжайдан 20 мың тонна өнім алу көзделеді. Ал, толық күшіне енген соң өнім көлемін 40-60 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Заманауи жылыжай кешенінде 3 мың адам жұмыспен қамтылмақ.

Еске сала кетсек, Анкарада өткен бизнес форумда Түркияның компаниялары мен Түркістан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық жөнінде меморандум жасалды. Осы келісімнен кейін Түркістан қаласына Dal Holding Investment CO компаниясының Қазақстан Республикасы бойынша бірінші басшысы Демирджан Кусе бастаған өкілдері келді.

Инвесторларды қабылдаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев компания басшыларының Түркістанды дамыту бағытындағы ұсыныстарына қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Демирджан Кусе қазірдің өзінде нақты жобамен келгенін, облыспен танысу барысында өзге де жобаларды қаржыландыруға әзір екенін мәлімдеді. Соның бірі Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне 25 шақырым жердегі индустриалды аймақта салынатын жылыжай кешені болатын.

Соңғы жаңалықтар