Түркістан облысында жоғалып кеткен жеті адам іздестіріліп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының құтқарушылары Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалған 7 адамды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

Олардың жоғалғаны туралы хабарлама 112 пультіне 25 мамыр күні сағат 18:30-да келіп түсті. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына жаяу бет алған.

Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек еді.

Өткен тәулікте іздестіру топтары 37 шақырымға жуық таулы аймақты жаяу аралады. Екі ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы 4 шақырым радиуста барлау жүргізілді.

Іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментіің 25 құтқарушысы, 2 квадракоптері және 7 техникасы жұмылдырылды.

Сондай-ақ, полиция департаментінің 4 қызметкері мен 1 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 2 қызметкері мен 1 техникасы, ҰҚК Шекара қызметінің 3 атты патрулі, ұлттық парктің 10 қызметкері мен жоғалғандардың туыстары іздеу жұмыстарына атсалысуда.

Ауа райының қолайсыздығына (тұман, ала бұлт, таулы жерлердегі найзағай) байланысты «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағын Шымкент қаласынан әуеге көтеру мүмкін болмай тұр.


Соңғы жаңалықтар