Түркістан облысында жоғалған туристердің бірінің сөмкесі табылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы Өгем өзенінің бойынан жоғалған туристердің бірінің сөмкесі табылды. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары табылған сөмкені полиция қызметкерлеріне табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта жоғалған екі туристі іздеу жұмыстары жалғасуда. Аймаққа «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 2 тікұшағымен аэровизуалды барлау жасалуда.

«Іздеу жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД-дан, Полиция департаментінен, ҚР ҰҚК Шекара қызметінен, Орман шаруашылығы инспекциясынан, Өзбекстан Республикасы ТЖМ жеке құрамынан 73 маман, 12 бірлік техника және жоғалған туристердің туыстары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары сегіз бағыт бойынша жүргізілуде», - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.

Еске салайық, Түркістан облысының тауларында 21 мамыр күні саяхатқа шыққан 7 адам жоғалып кеткен болатын. 28 мамырда жеті туристің үшеуі дін-аман құтқарылды. Екі күннен кейін Өгем өзенінен екі студенттің денесі табылды.

Іздестіру жұмыстарына Өзбекстан құтқарушылары жұмылдырылды.






Соңғы жаңалықтар