Түркістан облысында жоғалған 14 жастағы қыз көрші өңірден табылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері жоғалған 14 жастағы қызды Шымкент қаласынан тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысының Ордабасы аудандық полиция бөліміне Темірлан елді мекенінің тұрғыны хабарласқан. Ол өзінің кәмелетке толмаған қызы 21 сәуір күні үйінен шығып кетіп, қайта оралмағанын айтқан.

14 жастағы мектеп оқушысын іздестіруге Ордабасы АПБ-нің толық құрамы, оның ішінде кезекші полицейлер, учаскелік инспекторлар және жедел-іздестіру қызметкерлері жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары барлық бағыттарға өз бөлімдерін жіберіп, оның орналасқан жерін анықтау үшін шұғыл іс-шаралар жүргізді.

«Нәтижесінде жоғалған жасөспірім табылып, ата-анасына қайтарылды. Қазір полицейлер болған оқиғаның мән-жайын анықтау үстінде. Қыздың анасы Нұргүл Дүйсенбекова полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді», - делінген облыстық Полиция департаментінің ақпаратында.

Соңғы жаңалықтар