Түркістан облысында жер телімін заңсыз үлестірген шенеуніктер сөгіс арқалады

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында әдеп кеңесінің кезекті отырысы өтіп, бес шенеуніктің тәртібі қаралды. Мемлекеттік қызметкерлердің төртеуі заңсыз жер телімін үлестіргені үшін сөгіс арқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәртіптік кеңесте Жетісай ауданының Жылы су ауыл округінің әкімі Е.Дауылбаев пен бас маманы С.Абдуллаевтың азаматтардың құжаттары толық болмаса да оларға жер телімдерін бергені мәлім болды.

Яғни, мемлекеттік қызметкерлер шешімді дайындап қабылдаған және соттың үкімін орындамай, азаматтардың жерді пайдалану мерзімін негізсіз ұзартқан.

Дәл осындай тәртіптік жаза шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғаларға заңсыз қолдау көрсеткені үшін Жетісай ауданы Қарақай ауыл округінің әкімі Б.Иманбердив пен заңгері С.Бишораевқа да қолданылатын болды.

Төрт шенеунік қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жазасына ұсынылды.

Ал, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Талиповке дөрекілік көрсеткені үшін сөгіс беру ұсынылды.

Оның көпшілік алдында су шаруашылығы мекемесінің бастығына дөрекі, балағат сөздерді айтқаны аудан әкімі аппаратының жоспардан тыс тексеруі кезінде дәлелін тапқан.

Жиналыс барысында қажетті ақпаратты бере алмаған мекеме басшысына эмоциямен ашу үстінде дөрекілікке жол бергенін Талиповтың өзі де мойындаған.




Соңғы жаңалықтар