Түркістан облысында жедел жәрдем жиі кешігеді

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының тұрғындары жедел жәрдемнің жиі кешігетініне шағымданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық отырысында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері, жедел медициналық жәрдем қызметінің жай-күйі талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды денсаулық сақтау саласының техникалық базасын нығайтуға қолдау көрсетілетінін айта келе басқарма басшысы мен бас дәрігерлерге жұмысты ширатуды тапсырды.

«Аудан, қалаларды аралау барысында медицина саласында мәселелер көп екенін аңғардық. Кейбір аймақтарда денсаулық сақтау нысандарының жай-күйі қанағаттанарлықсыз жағдайда. Одан бөлек, тұрғындар тарапынан да өтініштер мен шағымдар түсіп жатады. Сондай-ақ, 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы да жедел жәрдем қызметіне қатысты тұрғындардың 25 қоңырауы тіркелген. Олардың көбі жедел жәрдемнің жиі кешігетіні туралы шағымданған. Осы саладағы аталған және өзге де проблемаларды шешуге күш салған жөн», - деді Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ, облыс әкімі дәрігерлердің қоғаммен байланысын жақсарту керектігін айтып, медициналық нысандарды құрал-жабдықтармен қамту ісін жандандыру қажеттігін жеткізді.

Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, өңірдегі 2 миллионнан астам тұрғынға 216 бригаданың күшімен жедел жәрдем қызметі көрсетіліп келеді. Бригада ташылығы сезіліп отыр. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының 6 қалалық бекеті, 17 аудандық бөлімшесі бар. Жедел медициналық жәрдем станциялары санитарлық автокөліктерінің саны – 190, медициналык санитарлық алғашқы көмек жанындағы жедел медициналық жәрдем 85 автокөлікпен қамтылған. Биыл 4 айда былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда жедел жәрдемге қоңырау шалушылар саны көбейген. Былтыр 4 айда 210 456 қоңырау қабылданса, биыл 224 742 қоңырау түскен.

Жиында тозығы жеткен автокөліктерді жаңа автокөліктермен алмастыру, мамандар, дәрігерлер тапшылығын жою, станциялардың техникалық базасын жаңарту, 103 байланыс қызметін жақсарту мәселелері сараланып, тиісті ұсыныстар берілді.


Соңғы жаңалықтар