Түркістан облысында жастар ардагерлерге құрмет көрсетті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Кентау қаласында «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгін кеншілер қаласының жастары Екінші дүниежүзілік соғыстың батырларының есімімен аталған көшелер мен даңғылдарды тазалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы Кентау қалалық филиалы ұйымдастырған акция барысында соғыс ардагерлерінің ескерткіштерін тазалау жұмыстары атқарылды. Жастар С.Қожанов саябағындағы соғыс ардагерлерінің есімдері жазылған «Азалы ана» стелласына, «Кеншілер» саябағына, Қонаев даңғылын тазартып шықты. Аллеялардғы шөптерді жұлып, гүл егетін орындарды дайындады. Іс-шара барысында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев Отанын сақтап, болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерді аялау әрбір жастың парызы екендігін айтты. «Nur Otan» партиясы Кентау қалалық филиалы төрағасының орынбасары Сағынбек Асылбеков «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасының барысымен таныстырды.

«Басты мақсат - ардагерлерге қолғабыс ету және осы игі шара арқылы жастардың бойында елжандылықты қалыптастыру. Мұндай шараларды тек жоспарлы түрде ғана емес, ұдайы өткізіп отыруды қолға алып отырмыз», - деді Сағынбек Асылбеков.

Мұнан соң, көпшілік қалаға қарасты Қарнақ ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Ергеш Салиев пен тыл еңбеккері Анарбай Әбсадықовтың үйіне барып, жағдайын білді. Жастар олардың үйіндегі жұмыстарына қолғабыс етіп, аулаларының айналсына реттеді. Көнекөз қариялардың әсерлі әңгімелерін тыңдап, батасын алды. Ақсақалдарға сый-сияпат жасап, жақсы тілектерін айтты. Қариялар да өз кезегінде өскелең ұрпаққа ел бірлігін сақтап, тәрбиелі де тәртіпті, білімді болу қажеттігі жөнінде ақыл-кеңестерін берді.

«Біз мұндай акцияларды жиі өткізіп тұрамыз. Қаладағы әрбір оқу орны әр ардагермен тұрақты байланыс орнатқан. Яғни, олардың жағдайларын біліп, өзіндік көмектерін көрсетіп тұрады. Емханамен бірлесе ұйымдастыратын «Ардагер денсаулығы» атты акция кезінде қан қысымын өлшеп, денсаулықтарын тексереміз. Одан бөлек, ерікті жастар үйлеріне барып ауласын тазалап, отын-суын дайындап, үйішілік жұмыстарына көмектеседі», - деді қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Қанат Бекметов.

Айта кетейік, қазіргі кезде Кентау қаласы бойынша 10 ардагер, 800-ден астам тыл еңбеккері бар. Ал, жастар саны 50 мыңнан асады. Аға ұрпақтың ерлік істерін келер ұрпаққа жеткізу және елін қорғаған батырлардың есімдерін ұлықтауды жастар әрдайым назарда ұстап келеді.

Соңғы жаңалықтар