Түркістан облысында жаңа темір жол бағыттары ашылады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Жыл соңына дейін «Түркістан-Бадам» және «Түркістан-Сарыағаш» жаңа теміржол бағыттары іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл шаруалар Шымкент қаласының республикалық мәртебе алуына және Түркістан облысының құрылуына байланысты атқарылып отыр. Бұл туралы бүгін Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.

Оның сөзінше, жалпы облыста 2018 жылдың 6 айында 577,6 млн жолаушы тасымалданған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ға жоғары.

«Түркістан облысында 44 тасымалдаушы 1283 автобуспен жолаушылар тасымалдау қызметін көрсетуде. Облыстағы тұрақты бағыттар желісі 320 бағыттағы 1081 кестеден тұрады. Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуына байланысты, облыстағы ауданаралық 115 бағыттың 91-і облысаралық болып өзгереді. Облысаралық 39 бағыттың 13-нің бастапқы пункті Шымкент қаласы болуына байланысты, бұл бағыттар Шымкент қаласы әкімдігінің құзырына берілді. Одан бөлек, Шымкент қаласындағы 26 тасымалдаушы, 82 бағыт, 1744 автобус, 1261 кесте тікелей Шымкент қаласы әкімдігінің құзырында болады», - деді басқарма басшысы.

Қазіргі уақытта, Түркістан қаласынан 5 аудан орталығына - Кентау, Арыс, Шәуілдір, Шолаққорған, Мырзакентке тікелей тұрақты жолаушылар тасымалы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта облыстағы қалған аудан орталықтарына, атап айтқанда Шардара, Жетісай, Сарыағаш, Ленгір қалаларына және Абай, Қазығұрт, Темірлан, Ақсукент, Т.Рысқұлов және Шаянға Түркістан қаласынан тікелей тұрақты бағыттар ашу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, басқармаға қарасты ауданаралық, облысаралық тұрақты бағыттарға қызмет көрсететін қоғамдық көліктер GPS жүйесімен жабдықталған. Елбасы Жарлығына сәйкес, Түркістан қаласы облыс орталығы болуына байланысты, қаланың көлік жүйесін жан-жақты дамыту мақсатында, қаладағы бағыттарға электронды билет жүйесін 2018 жылдың соңына дейін орнату жоспарланып отыр. Пилоттық жоба ретінде Түркістан қаласындағы бір бағытқа электронды билет жүйесі 2018 жылдың IІІ тоқсанына дейін тестіленеді.

null 

Соңғы жаңалықтар