Түркістан облысында жалған дипломмен сабақ берген 50-ге жуық мұғалімге іс қозғалды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында түпнұсқасы жоқ құжатты пайдаланған 50-ге жуық мұғалімге қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы полиция департаментінің өндірісінде Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту департаменті жүргізген тексерудің қорытындысы бойынша 10 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Онда түпнұсқасы жоқ жоғары білім дипломын пайдаланған 11 мұғалімге ҚР ҚК-нің 385-бабы бойынша айып тағылған.

Оның ішінде 5 іс - мектеп мұғалімдеріне қатысты болса, бесеуі - балабақша тәрбиешілері.

Сонымен қатар Түркістан, Сауран, Сарыағаш, Шардара аудандық полиция бөлімдерінде ҚР ҚК 385-бабымен 41 мұғалімге қатысты 12 қылмыстық іс қозғалған.

«Қазіргі таңда аталған қызметкерлерден толыққанды жауаптар алынып, қажетті сот-техникалық сараптамасы тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметте.

Айта кетейік, мұның алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Әсілбек Түркістан облысында 300-ден астам мұғалімнің дипломы талапқа сай еместігін айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар