Түркістан облысында заңсыз жер қойнауын пайдаланушылармен күрес күшейтіледі

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында заңсыз жер қойнауын пайдаланушылармен күрес күшейтілетін болды. Себебі өңірдің Келес, Сайрам, Ақсу, Арыс және Бадам өзендерінің арнасы жыл сайын төмендеп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңсыз жер қойнауын пайдалану жағдайлары әсіресе, өзен үстінен өтетін облыстық маңызы бар жолдардың және ондағы көпірлердің мерзімінен бұрын апатты жағдайға жетуіне әсер етіп отыр. Маңызды мәселе жайлы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрғалығымен өткен аппарат отырысында облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов баяндады.

«Көпірлердің темір-бетонды жағалаулары, су бәсеңдеткіштері опырылып құлап, бетонды қадалары ашылып қалуда. Аталған жағдай, адам өміріне қауіп тудырумен қатар, мемлекет қаржысының артық жұмсалуына алып келуде. Қазіргі таңда жоғарыда аталған өзен арналарының төмендеуі салдарынан бірқатар облыстық маңызы бар жолдардағы көпірлер жөндеуді қажет етіп отыр», – деді басқарма басшысы.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәселені түбегейлі шешуді тиісті орган басшыларына тапсырды. Заңсыз жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін заңдастыруды немесе тоқтатуды қолға алумен арнайы құрылатын комиссия айналысатын болады. Аймақта жыл соңына дейін жақсы және қанағатты жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 79%-дан 81,4%-ға арттыру көзделуде. Бұл көрсеткішті 2025 жылға дейін 90%-ға жеткізу жоспарланған.

Биыл автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінген қаражаттың басым бөлігі жергілікті маңызы бар жолдарға бағытталады. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 300-ден астам нысан, не 1200 шақырымға жуық жолдар мен көшелер қамтылған. Жыл соңына дейін 700 шақырым жол пайданалуға беріледі. Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандары аумағында ұзындығы 478 шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өткізілуде. Одан бөлек, осы аудандарда облыс әкімінің тапсырмасымен жалпы ұзындығы 180 шақырымнан асатын 11 облыстық маңызы бар автомобиль жолдары жөнделуде. Бұл жолдарды қыркүйек айында толықтай пайдалануға беру жоспарланған. Жолдар Қазығұрт, Түлкібас, Созақ, Бәйдібек аудандары мен Арыс қаласында да жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, ағымдағы жылы Түркістан-Балтакөл, Кентау-Ащысай, Шымкент-Қарамұрт, Ақсукент-Қарамұрт, Шымкент-Сайрам, Шарапхана-Жаңабазар бағыттарындағы жолдарды пайдалануға беру және Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандарындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын ретке келтіру аяқталады деп күтілуде.




Соңғы жаңалықтар