Түркістан облысында заңсыз ойын кеңселерін бақылауда ұстаған қылмыстық топ анықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында заңсыз ойын кеңселерін бақылауда ұстаған ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды. Аталған топ мүшелерін ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Өңірлік экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері ұстаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаржы мониторингі комитетінің мәліметінше, облыста нақты жоспарланған және жүргізілген арнайы операция нәтижесінде ұзақ уақыт бойы Мақтаарал және Жетісай аудандарының Өзбекстанмен шекаралас аумағында әрекет еткен қылмыстық топтың заңсыз әрекеттері әшкере болған.

«ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Өңірлік экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша қызметтің жолын кесті. Сондай-ақ, айналымға қылмыстық жолмен алынған қаражат тартылып, кейін «СтавкаБет» букмекерлік кеңсесінің ресми желісі арқылы заңдастырылды. ҚР Ұлттық гвардиясының арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қолдауымен жедел тергеу тобы қылмыстық топ мүшелерінің бақылауындағы 7 заңсыз ойын кеңселерінде бір мезгілде тінту жүргізді. Тінту барысында ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастырушысының Шымкент қаласындағы үйінен 7 млн АҚШ доллары мен 7 млрд теңгенің мүлкін заңдастыру туралы жазбалар бар қойын дәптер табылып, тәркіленді», делінген хабарламада.

Сонымен қатар сот ұйымдасқан қылмыстық топ ұйымдастырушысына тиесілі Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аумағында орналасқан 25 меншік нысанына (үй, мейрамхана, букмекерлік кеңселердің ойын залдары, жер телімдері, автокөліктер) тиым салынған. Топтың басқа да белсенді мүшелеріне тиесілі 11 мүлік нысан да тәркіленген.


Соңғы жаңалықтар