Түркістан облысында үздік медбикелер марапатталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында «Халықаралық мейіргерлер күніне» орай Түркістанда салтанатты іс-шара өтті. Облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиында өңірдің ақ халаттылары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шараға қатысқан облыс әкімнің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев пен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев өңірдің 100 - ден астам мейірбикесіне құттықтау сөз сөйледі. Үздіктерге облыс әкімінің атынан, облыстық мәслихаттың және Денсаулық сақтау басқармасының атынан марапаттау қағаздарын табыстады.

«Бүгінгі таңда өңіріміздегі 42 медициналық ұйымда медбикелермен қамтамасыз ету жағы 100% пайызды құрайды. Бұл еліміз бойынша ең үлкен көрсеткіш саналады. Өңірдегі медицина мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуы анағұрлым жақсарды. Заманауи құрал-жабдықтар мен қондырғылар тек облыс орталығында ғана емес, аудандар мен қалаларда да орнатылуда. Облыстағы медициналық ұйымда 17 мыңға жуық орта буын қызметкерлері халыққа қызмет көрсетеді. Халықтың денсаулығын сақтау сынды асыл міндет мемлекеттік саясаттың негізі болып отыр»,- деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.

Іс-шараға аймақтың барлық қала-аудандарынан денсаулық саласына еңбегі сіңген 20 шақты ардагер арнайы шақырылды. Кәсіби мерекеге орай облыстың «Ең үздік» деген медбикелері мен акушер және фельдшерлеріне заманауи теледидарлар табысталды. Сондай-ақ, «Ақсу-Жабағылы» және «Біркөлік» оңалту-сауықтыру кешендеріне 20 жолдама берілді.

Соңғы жаңалықтар