Түркістан облысында үш жасар бүлдіршінді құтқарған жасөспірім марапатталды

None
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында суға батқан үш жасар бүлдіршінді құтқарған жасөспірім марапатталды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды батыр баланы қабылдап, бағалы сыйлықпен марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күні кеше Мақтаарал ауданына қарасты Жамбыл ауылдық округінде болған оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Көпшілік сегізінші сынып оқушысы Нұркелді Нұрполаттың батыл әрі жылдам әрекетіне дән риза болып, алғысын жаудырған еді.

Көзсіз ерлік көрсеткен балаға аймақ басшысы да ризашылығын жеткізді.

«Кішкентай баланы судан құтқарып алғаныңды ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіден көріп, сүйсіндік. Аттың үстінде үлкен жігіт сияқты көріндің. Бірақ оқушы екенсің. Осы ерлігің үшін саған және өзіңдей патриот ұлды тәрбиелеген ата-анаңа алғысымды айтамын. Жарайсың!», – деді Дархан Сатыбалды.




Облыс әкімі сондай-ақ, Нұркелдіге Алғыс хат пен ноутбук сыйға тартты.

Өз кезегінде оқушының әкесі арнайы көңіл бөліп, құрмет көрсеткен өңір басшысына рахмет айтты.

Еске сала кетейік, Нұркелді Нұрполат 4 наурыз күні сағат 11:30 шамасында каналда ағып бара жатқан кішкентай баланы байқап қалған еді.

Ойланбастан атынан секіріп түсіп, баланы судан алып шығады. Ес-түссіз жатқан балаға тұрғындар алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалды.

Оны тексерген дәрігерлер жағдайының жақсы екенін айтқан болатын.







Соңғы жаңалықтар