Түркістан облысында үш күнде браконьерлікке қатысты 43 жайт анықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 40-тан астам құқық бұзушылықты анықтады. Бұл жөнінде өңірдің полиция департаментіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Түркістан облысында 6 қаңтар-5 ақпан аралығында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты - табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, заңсыз аң және балық аулау, ағаш кесу және өзге де құқық бұзушылықтарды болдырмау.

«Браконьер» іс-шарасы басталған үш күн ішінде табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері 43 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Аталған табиғат қорғау заңнамасын бұзушыларға 165 мың теңгеден астам айыппұл салынды.

Рейд барысында тәртіп сақшылары жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аулау ережелерін бұзудың 30 жайтын, балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау саласындағы 9 әкімшілік құқық бұзушылық дерегін және басқа да құқық бұзушылықтарды анықтады.

Сондай-ақ «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер браконьерлерден тіркелмеген 2 аңшы мылтығы, 20 кг заңсыз ауланған балық, 1 қайық және 200 м жуық балық аулау желісін тәркіледі.


Соңғы жаңалықтар