Түркістан облысында үш бірдей көлікті соққан жүргізуші қамауға алынды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында құжатсыз, мас күйде көлік басқарып келе жатып, үш бірдей көлікті соққан жүргізуші қамауға алынды. «Audi B4» автокөлігін тізгіндеген тұрғын оқиға орнынан қашып кетпек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көліктері соғылған жүргізушілер полицияны шақыртқан. Тәртіп сақшылары шұғыл әрекетке көшіп, қашқан көліктің соңынан ереді. Сөйтіп, қашып бара жатқан жүргізушіні оқиға орнынан 10 шақырым жерден қолға түсірген.

Ол Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты. Белгілі болғандай, кешкі сағат 18:00 шамасында «Audi B4» маркалы көлікті тізгіндеген ол, алдымен бір көлікті жол бойында қысып, соғып кеткен. Артынша екінші көлікті қағып, келесісін басып озбақ болған. Сөйтіп үшіншісін түйіп өткен. Үш машинаға да материалдық шығын келтірілді.

Кінәлі жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде, оның мас халде екендігі анықталған. Арнайы медициналық куәландырудың қорытындысы оның ішімдік ішіп алғанын растады. Жүргізушінің бұған дейін де мас хәлде көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды. Яғни Жетісай аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.

«Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 346 бабы 1-бөлігімен тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Оған қоса құжатсыз көлік басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Тергеп-тексеру амалдарын Жетісай АПБ-нің аға анықтаушысы полиция капитаны Бағлан Назарқұлов жүргізуде. Күдікті қамауға алынды», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар