Түркістан облысында үш ауданда мал ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында үш ауданда мал ұрлаған қылмыстық топ мүшелері ұсталды. 4 адамнан құралған топ Ордабасы, Қазығұрт және Арыс аудандарында төрт түлікті қолды етіп келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД мәліметінше, қазан-қараша айларында Ордабасы ауданындағы жайылымдардан жылқылар мен қара малдар ұрлана бастаған. Осы жағдайға байланысты тәжірибелі криминалдық полиция қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, облыс аумағындағы базарларда ұрланған мал етінің сатылуы бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілді.

Тәртіп сақшылары Бадам ауылы маңында жайылып жүрген үш жылқының қасында «Фольксваген» автокөлігін байқайды. Тексеру барысында, олардың жылқыларды ұрламақ болғаны анықталған. Тұлғаларын тексеру кезінде топ мүшелерінің екеуі бұрын сотталғаны, ұсталғандардың 21 ұрлық жәйтіне қатыстылығы белгілі болды. 60-тан астам жылқы мен сиыр ұрлап, 8 миллион теңге көлемінде нығын келтіргені дәлелденді. Олар түнгі мезгілде жайылымнан малдарды ұрлап, сойып отырған. Еттерін бөлшектеп, облыс базарларына сатқан. Сондай-ақ, жедел іздестіру шарасы кезінде ұрланған малдардың етін алыпсатар сатушы да ұсталды. Полицейлер қазіргі таңда мал ұрлығына қатысты тағы екі күдіктіні іздестіріп жатыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде мал ұрлығының 300-ден аса жайты тіркеліп, облыс аумағында мал ұрлығымен айналысқан 14 қылмыстық топ құрықталған.

Соңғы жаңалықтар