Түркістан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 67 фактісі анықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында жүргізіліп жатқан «Тұрмыс» жедел-профилактикалық шарасы барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетудің 67 жайты анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс бойынша 500-ден астам полиция қызметкері тартылған шарада проблемалы мекенжайлар мен аз қамтылған отбасылардың үйі тексеріп, оларға түрлі құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілік пен азаматтардың құқықтары түсіндірілді.

Қаңтардың 20-сы мен ақпанның 20-сы аралығында өткізіліп жатқан шара аясында есепте тұрған азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріліп, құқыққа қайшы әрекет жасап, көзге түскен тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы құқық бұзудың алдын алу бойынша қажетті кеңестер мен сенім телефондары жазылған бүктемелерді таратты.

Облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ұлықбек Мылтықовтың айтуынша, өңірде есепте тұрған 1892 тұлға тексерілген.

«Оның ішінде қорғау ұйғарымы шығарылған – 459 адам, ерекше талаптар қойылған – 175, маскүнемдікке салынған – 828 адам, нашақорлыққа бейім - 201, аз қамтылған 279 отбасы тексерілді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық жайттарының алды алынды»,- дейді Ұлықбек Мылтықов.

Айта кетейік, «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы ақпанның 20-сы күні аяқталады. Полицейлер аталған шара аяқталса да, тұрмыстық қылмыстардың алдын алу жұмыс жүргізіле беретінін айтады.


Соңғы жаңалықтар