Түркістан облысында тұрғындар медициналық ұйымдардың рейтингісін қалыптастырады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай медициналық-ақпараттық Call-орталық іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Денсаулық сақтау саласындағы сапаны жақсарту мақсатында іске қосылған Сall-орталық Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы жанынан құрылды. Оған өңірдегі кез келген тұрғын 1305 қысқа нөмірін теру арқылы хабарласа алады.

Сall-орталықтың негізгі міндеті – облыстық медициналық қызметтердің жұмысын үйлестіруді жақсарту, азаматтардың барлық өтініштерін уақтылы бақылау, сондай-ақ ақпараттық-талдау орталығын құру, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету.

Тұрғындар Call-орталыққа қоңырау шалып, белгілі бір медициналық мекеменің немесе нақты маманның жұмысына шағым жасап, денсаулық сақтау саласына қатысты кәсіби жауаптар ала алады. Шағымдар шұғыл түрде қаралып, операторлардың қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі бас дәрігерлердің орынбасарларымен тікелей байланысы арқылы пысықталады.

Шағымдар негізінде тоқсан сайын облыстың медициналық ұйымдарының рейтингілері жасалады.

Орталықта 12 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы – медицина саласының өкілдері.



Соңғы жаңалықтар