Түркістан облысында той өткізуді тоқтатпай отырған 50 тойхананың ісі сотқа жолданды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында той өткізуді тоқтатпай отырған 50 тойхананың ісі сотқа жолданды. Бұл туралы облысты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған департаменттің мәліметінше, бүгінде өңірдегі мейрамханалар мен тойханалардың саны 200-ден асады. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты елімізде 1 жылдан астам уақыттан бері отбасылық мерекелік іс- шаралардың барлығына толықтай тыйым салынғандығы белгілі. Дегенмен өңірде тойлардың өтуі әлі күнге дейін тоқтамай отыр.

Жыл басынан бері мобильді топ пен полиция қызметкерлері 726 отбасылық мерекелерді анықтаған. Отбасылық шаралардың 435-і мейрамханаларда, 291-і жеке үйлерде ұйымдастырылған. Ордабасы ауданында «Шаңырақ» тойханасы 9 рет, Арыс қаласында «Асылай» тойханасында 8 рет, Сарыағашта «Алтын Ғасыр» тойханасы 6 рет, Отырарда «Жұлдыз», «Нұрсая», «Алтын Шаңырақ», Жетісайда «Алтын Сарай», «Табиғат», Төле биде «Аппақ ана», «Шаңырақ», Кентау қаласында «Ақерке», Түлкібаста «Керуен», «Көкжайлау», Шардара ауданында «Гранд Азия» тойханалары 3 реттен той өткізуге жол берсе, Қазығұрт ауданында «Талғат», «Талғай ата», «Медеу ата», «Ханшайым», «Қазығұрт өнімдері» мейрамханалары карантин режиміне қарамастан 2 реттен отбасылық шаралар өткізген.

«50 мейрамхананың ісі сотқа өткізіліп, 34-не қызметтерін уақытша тоқтату туралы сот шешімдері шықты. Өкінішке орай, кейбір тойхана қожайындары сот шешімінің мерзімі аяқталған соң, қайта той өткізуді жалғастыруға кіріскен. Мәселен Түркістан қаласында «Ұлытау», Мақтарал ауданында «Феруз» тойханаларына 2 реттен сот шешімі шыққан. Карантин талаптарын сақтамай, covid-19 инфекциясының таралу қауіпін тудыруға жол берген кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұлдар салынды» делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар