Түркістан облысында төтенше жағдай режимін бұзудың 54 фактісі анықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында Полиция департаментінің қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, күндізгі және түнгі рейдтік жұмыстарды жүргізуде. 11 күн ішінде төтенше жағдай режимін бұзудың 54 жайты анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәртіп сақшылары төтенше жағдай кезінде іске асырылатын талаптардың сақталуын қадағалауда. Осындай үздіксіз жүргізілген шаралардың барысында облыс полицейлері төтенше жағдай режимін бұзған азаматтар анықтап, хаттамалар толтырды. Мәселен, облыс орталығы Түркістанда 12 жайт тіркеліп отыр. Ал, Арыс пен Шардарада - 6, Кентау мен Келесте - 4, Жетісай, Шардара мен Мақтааралда - 3, Сайрам мен Қазығұртта - 2, Төлеби, Отырар, Ордабасы және Түлкібаста бір-бір фактіден тіркелген.

Сарыағаш ауданында екі бірдей дәмхана иесіне айыппұл салынса, Мақтааралда беташар өткізген 3 тұрғынға қатысты шара қолданылды. Сақшылар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдай режимiн бұзу» бойынша хаттамалар толтырып, құжаттарды дер кезінде қалалық, аудандық соттарға жолдады. Сондай-ақ, сот құзырлығымен 54 жайттың 25-іне шешім шығарылып, әрқайсысы бойынша 26 мың 510 теңгеден айыппұл салынған. Оған қоса 4 жайт волонтерлердің анықтауымен тіркелген.


Соңғы жаңалықтар