Түркістан облысында «Төле би» атты кино түсірілуде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында Төле би туралы 10 сериялы көркем фильм түсірілуде. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен қолға алынған «Төле би» фильмінің алғашқы түсірілімдері Төле би ауданындағы Қорғантау бөктерінде өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тарихи туындының желісі белгілі жазушы, журналист Шойбек Орынбай мен Мархаббат Байғұттың «Төле би» атты жеті томдық еңбегіне негізделген. Бюджеті 150 млн теңге болатын фильмді жергілікті «Сақ» киностудиясы түсіруде. Жалпы, отандық кино өніміне жергілікті 500 - ден астам әртіс тартылған.

Басты рөлді М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 3 курс студенті Абзал атты бозбала сомдайды. Көп сериялық фильмнің түсірілім барысын аймақ басшысы Төле би ауданына жасаған сапары кезінде көріп қайтты.

«Фильмнің алғашқы серияларын Қорғантау жотасының етегінде түсіру де тектен-тек емес», - дейді кино майталмандары.

Өйткені үш жүздің төресі болған - Төле баба нақ осы таудың етегінде өмірінің біраз бөлігін өткізген деседі. Ол туралы аңыз-әңгімелердің тамыры да тереңде жатыр. Өз заманында Қазақ хандығының тұтастығы үшін күрескен ол жастайынан әділдігі мен шешендігі арқылы көпке танылғаны белгілі.
null 

Қазақтың бірлікте, келісімде және ынтымақтастықта өмір сүруін ойлап, қам жеген қоғам қайраткерінің болмысы бұл фильмде жан-жақты бейнеленбек. Көркем туындының соңғы сериялары үш жүздің басы қосылған қасиетті Ордабасы тауында түсірілмек. Көпсериялы тарихи фильм жыл соңына таман көрерменге жол тартады деп күтілуде.

Айта кетейік, бұған дейін өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен «Күш атасы - Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» сынды мультфильмдер мен 10 сериялы «Көне Жетігеннің сыры» атты фильмі түсіріліп, көрермендер назарына ұсынылған.

Соңғы жаңалықтар