Түркістан облысында толассыз жауған жауын салдарымен күрес жалғасып жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында толассыз жауған жауын салдарымен күрес жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апта бойы жауған толассыз жауын-шашын салдарынан Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал аудандарында көшелер мен аулаларды су басып, жер астындағы су деңгейі көтерілген болатын.

Бүгінде Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы органдардың тарапынан жаңбыр суларының бағытын бұру және мотопомпа арқылы суды тартып шығару жұмысы жүргізілуде.

Жетісай ауданы, Қоғалы ауылы автожолының бойында «Қоғалы» қорғаныс бөгетін нығайту жұмыстары басталған.

Бөгеттің ұзындығы - 300 метр, биіктігі - 2-2,5 метр, ал ені - 3-6 метр. Сонымен бірге арықтар мен каналдарды тазарту жұмыстары қолға алынған.

Жалпы қазіргі таңда Жетісайда ауданындағы 241 үйдің ауласынан 35000 астам текше метр су тартып шығарылған.

Оның ішінде 17 наурыз күні сағат 00-00-ден бастап 20 аула аумағынан 6 700 текше метр су сорылыпты.

Жұмысқа барлығы 170 қызметкер, 60 бірлік мотопомпа және 44 бірлік техника тартылған.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органнан 104 адам, 21 бірлік мотопомпа және 33 бірлік техникасы жұмылдырылған.

Ал, Мақтаарал ауданында 200-ден астам мотопомпа жұмыс істеп жатыр. Жалпы ауданда 3 мыңға жуық үйдің аулаларын су басу жағдайы тіркелген.

Бүгінге дейін жергілікті әкімдіктердің және облыстық, аудандық төтенше жағдай қызметкерлерінің тәулік бойы атқарған жұмыстарының нәтижесінде 15000 кубтан астам жаңбыр суы тартылған.

Қазіргі таңда аудандағы түрлі ірілі-ұсақты коллекторлар мен арық-атыздарды тазалау үшін 10 эксковатор, 3 малютка, 2 камаз және 11 басқа да техникалар жұмылдырылған. Сонымен қатар, 139 жеке құрам аталған жұмыстармен айналысып отыр.

Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасының шекарасында орналасқан Орталық Мырзашөл коллекторындағы ағын судың деңгейі де тұрақты бақылауға алынған.

«Интернет желілерінде Өзбекстанның біздің ауданға жақын аймақтарында су басу орын алып жатқандығы туралы фейк ақпараттар таратылуда. Осыған байланысты аудан тұрғындары арасында дүрлігу бар. Орталық Мырзашөл коллекторына күндіз-түні кезекшілік кестесі қойылып, судың көлемі мен деңгейін тұрақты бақылап отырмыз. Түндегі жаңбырдың аз мөлшерінен барлық ірілі-ұсақты коллекторларда судың түскені байқалады. Сондықтан, аудан тұрғындарын сабырға шақыра отырып, әлеуметтік желілер арқылы келген түрлі ақпараттардың рас-өтірігін тексеріп барып қана көз жеткізулеріңізді сұраймын», - дейді аудан әкімі Бақыт Асанов.

Қазіргі таңда орталық коллектор арқылы екі елден жалпы 113 текше метр ағын су босатылуда. Негізінен коллектордың сыйымдылығы 120 текше метрді құрайды.

Кешегі күнмен салыстырғанда судың деңгейінің төмендегені байқалады.

Аталған жағдай бойынша, Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды. Ресми мәліметке сүйенсек бойынша үйлерді су басу қаупі жоқ.


Соңғы жаңалықтар