Түркістан облысында төбесі жабық базарлар сенбі күні жұмыс істейтін болды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында карантин шараларын ұзарту туралы қаулыға өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.

Қаулыға сәйкес, 26 қазаннан бастап облыс аумағындағы сауда орталықтарының, сауда үйлерінің және жабық базарлардың қызметі 4 шаршы метрге 1 адамнан келетін сыйымдылықпен сенбі күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейінгі уақыт шектеуімен жұмыс істеуіне рұқсат етілді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.

Сонымен қатар, жаңа қаулы бойынша санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейтіп, әлеуметтік арақашықтықты және бетперде кию режимін сақтай отырып, ғимарат аумағын 30 пайыздан асырмай толтырып кинотеатрлардың қызметіне рұқсат беріліп отыр.

«Қауіпсіздік шараларын орындау қажет. Мәселен, 65 жастан асқан адамдарға мүмкіндігінше көшеге шығуына шектеу әлі де сақталады. Сондай-ақ, облыстағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты отбасылық мерейтойлар, еске алу, құдалық, той, беташар және тағы басқа жиындарды өткізуге тыйым салынады. Облысымыздағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантин және санитариялық-дезинфекциялық талаптарды мұқият сақтауға шақырамыз», - деді Нұрбек Садықбекұлы.


Сондай-ақ, бас санитар дәрігер әр азамат жеке бас гигиенасын сақтай отырып, көшеде, қоғамдық орында, адам көп жиналатын жерде міндетті түрде маска режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтауға шақырды.


Соңғы жаңалықтар