Түркістан облысында ТМД-да теңдесі жоқ бу-газ қондырғысының іргетасы қаланды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының Төлеби ауданында 1000 МВт бу-газ қондырғысының естелік капсуласы салынды. Мамандардың айтуынша, бұл қондырғының әзірге ТМД елдерінде баламасы жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жоба еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін және ұлттық энергетикалық жүйенің, әсіресе, энергия тапшылығы бар оңтүстік өңірінің сенімділігін арттырады. Икемді генерациялау режимі бар аралас циклді зауыттың құрылысы Қазақстан Республикасының энергетика жүйесіне жаңартылатын энергия көздерін біріктіру үшін қолайлы жағдай жасайды», — деді «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Алмасадам Сәтқалиев.

Облыс әкімі энергия тапшылығын шешу бағытындағы бұл жобаның аса маңызды екенін жеткізді.

«Жыл сайын елімізде электр дефициті байқалып келеді. Түркістан өңірінде энергия тапшылығы — өте өзекті мәселе. Облысқа қажетті электр қуатының 80%-ы сыртқы көздерден тасымалданады. Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, маңызды бу-газ станциясын (ПГУ) салатын боламыз. Бұл жоба бойынша облысқа болжаммен 722,8 млрд. теңге жеке инвестиция тартылады. Енді осы жоба іске қосылған соң өңірде кәсіпорындар көбейеді, кәсіпкерлік дами түседі. Жаңа электр орталығы өңірде энергия тапшылығын жойып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға оң серпін береді», – деді аймақ әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Жоба жүзеге асқанда тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы Қазақстан Республикасында электр энергиясының сапасын арттырып, энергетикалық жүйенің теңгерімділігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін болады. Қазір облысқа қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндірілмек. Осы арқылы өңір энергия тапшылығынан құтылып қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз етпек.

Облыста энегрия тапшылығы жойылған соң ірі кәсіпорындар мен өндіріс те дамиды деген жоспар бар. Жоба 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады. Мамандар бұл жобаны ТМД аумағында баламасы жоқ жобалардың бірі деп бағалап отыр. Құрылыс кезінде 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылса, қондырғы іске қосылған соң 200-ден астам тұрақты жұмыс орындары ашылады.

Маневрлік генерациялау режимімен қуаты 1000 МВт болатын бу-газды қондырғы құрылысын «ПГУ Түркістан» ЖШС компаниясы жүргізеді. Қазіргі уақытта газ құбырының магистральдық желілеріне қосуға қажетті техникалық шарттары мен «KEGOC» АҚ электр желілеріне қосуға қуат беру схемасы негізге алынып, алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді.


Соңғы жаңалықтар