Түркістан облысында тегін медициналық көмек көрсететін ұйымдар анықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы Түркістан облысында ағымдағы жылы халыққа тегін қызмет көрсететін денсаулық сақтау нысандарымен келісімшарт түзуді аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қордың облыстық филиалы директорының міндетін уақытша атқарушы Нұршат Айтымбетова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлім еткендей, медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа тұрған емханалар мен клиникалар мемлекеттік тапсырысты орындауға кіріскен.

«Биыл Түркістан облысы бойынша мемлекеттік тапсырысты 34 жекеменшік клиника орындап жатыр. Бұл, Медициналық сақтандыру қорының дерекқорына өңір бойынша енген 73 медицина ұйымының 46 пайызын құрайды. Қалған 54 пайызы - мемлекеттік емханалар саналады. Оған қоса, жекеменшік клиникалар оңалту және қалпына келтіруге бағытталған көмек түрлерін көрсетуге де белсенді түрде атсалысып жатыр», - деді облыстық филиал директорының міндетін уақытша атқарушы.


Қор өкілдерінің айтуынша, облыс бойынша тегін медициналық көмек көрсететін жеткізуші ұйымдармен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 71 млрд 550 млн теңгені құрап отыр. Оның ішінде, мемлекеттік емханалармен - 66 млрд 229 млн теңгенің, жекеменшік клиникалармен - 5 млрд 321 млн теңгенің келісімшарты бекітілді.

Мамандардың пікірінше, жекеменшік клиникалар стационарды алмастыратын көмек түрлерін көрсетуде белсенділік танытуда. Сонымен қатар, стационарлық және емханалық-амбулаторлық, ауылдық жерлердегі емханалық-амбулаторлық және консультативтік-диагностикалық көмек, жоғары технологиялық қызметтер көрсету бағытында да жекеменшік саланың үлесі басым.

«Қазіргі таңда жекеменшік клиникалар көрсететін медициналық көмек түрлері де көбейді. Мәселен, биылғы жылы онкологиялық, жедел медициналық және паллиативті, оңалту және қалпына келтіруге бағытталған көмек түрлерін көрсетуде ерекше белсенділік танытып отыр», - деді Нұршат Айтымбетова.

Соңғы жаңалықтар