Түркістан облысында тәуіпті бопсалағандар ұсталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында полицейлер тәуіп пен пен ойынхана есепшісін бопсалағандарды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Мақтарал аудандық полиция бөліміне адамдарға дем салатын кісі арызданады. Оған белгісіз адамдар келіп, дем салдырып болған соң, «лицензияң жоқ» деп қоқан-лоққы көрсеткен. 3 ер адам емшіге келіп, біреуінің мазасы болмай жүргенін айтып дем салдырады. Содан кейін ақысы үшін тәуіпке 10 мың теңге береді. Ал, дем салушы 2000 теңге алып, қалған ақшаны қайтарып береді. Дәл осы сәтті келгендер камераға түсіріп алып, аталмыш видео арқылы тәуіпті қорқыта бастайды.

«Сенің емші деген лицензияң жоқ, заңсыз жұмыс істеп жүрсің, біз құқық қорғау органдарынан тексеріп жүрген адамдармыз. 100 мың теңге берсең, істі жабамыз», - деп бопсалайды. Бірақ, тәуіп ешқандайда ақша бермей, олар кетісімен полицияға арызданады.

Сондай-ақ, Мақтарал аудандық ПБ-на кәсіпкер арызданады. Ол букмекерлік кеңсесінде есепшісінен біреулердің ақша талап етіп, қоқан-лоққы көрсеткенін айтқан.

Полицейлердің анықтауынша, белгісіз 3 адам ойынханаға баса-көктеп кіріп, ар-намысқа тиетін сөздер айтып, негізсіз жала жауып «сендер заңсыз жұмыс жасап жатырсыңдар» деп касса қызметкерінен 200 мың теңге талап еткен. Алайда, ол жерден ешнәрсе ала алмағандықтан, қашып кеткен.

Аталған 2 дерек ҚР ҚК-нің 194-бабы «Қорқытып алу» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Полицейлер 3 күдіктінің аты-жөнін анықтады, олар Жетісай қаласының тұрғындары болып шықты. Осылайша Жетісай мен Мақтарал аудандық полиция қызметкерлері бірлесіп, Жетісайдан күдіктілерді ұстады. Қазіргі таңда күдіктілер Жетісай қаласында уақытша изоляторға қамалды.

Тергеу барысында күдіктілердің бұдан басқа Жетісай қаласындағы 3 іске қатыстылығы анықталды.

Соңғы жаңалықтар