Түркістан облысында «Таңғажайып Түркістан» байқауы жарияланды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында «Таңғажайып Түркістан» байқауы жарияланды. Бұл туралы Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейcенбай Тәжібаев Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенттерімен кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуда басқарма басшысы көпшілікті байқаудың мақсатымен таныстырып, оған бір кісідей қатысуға шақырды. Бейсенбай Тәжібаевтың сөзінше, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» бағдарламасын жүзеге асыру мен туған жердің туристік әлеуетін көтеріп, тарихын насихаттау - басты шарттар. Байқауға ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінен 12 желтоқсанға дейін жарияланған материалдар қабылданады. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан құрылған арнайы комиссияның шешімімен анықталады. Ұсынылған үздік жұмыстар «Түркістан жаршысы» фейсбук тобында ең көп дауыс жинағаны, ең көп ұнатылғаны (лайк), ең көп бөлісілгені (репост) арқылы да бағаланбақ. Жалпы жүлде қоры - 1350000 теңге.
null 

«Таңғажайып Түркістан» байқауында бас жүлде, 1, 2 және 3-орындар беріледі. Сондай-ақ ынталандыру сыйлықтары да тағайындалған.

«Түркістан облысы құрылып, шежірелі шаһардың жаңа дәуірі басталғанын білесіздер. Ендеше, өңіріміздің тылсым тарихы мен таңғажайып табиғатын насихаттауға, Түркістанды шын мәніндегі Түркі әлеміне ортақ қалаға айналдыруға бәріміз атсалысуымыз керек. Бұл ретте Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті студенттеріне де мол мүмкіндік туып тұр. Осы оқу орнында журналистика мамандығы бойынша 100-ге жуық студент білім алып жатыр. Олардың арасында ағылшын және түрік тілінде терең білім алып жүргендері де бар екен. Демек, Түркістан облысы мен Түркістан қаласы туралы бірнеше тілде мақала, түрлі еңбектер жазып, шетелге танытуға болады. Кез келген әлеуметтік желі белсенділері қатыса алады»,- деді басқарма басшысы.
Жиын барысында сондай-ақ ерікті журналистер клубын құру жайы сөз болды. Сол арқылы Түркістанның тарихын дәріптеп, туристік тартымдылығын арттыруға жастар да өз үлесін қоса алады. 
null 

Айта кетейік, қатысушылар Facebook әлеуметтік желісінде Түркістан облысындағы «Қазақстанның киелі жерлер географиясына» енген 24 нысан туралы пост жариялауы қажет. Әрбір қатысушы кем дегенде 20 жазба жазуы тиіс. 

Университет кітапханасында өткен келелі басқосуда бұдан бөлек оқу орнының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жетекшісі Әміреқұл Әбуов пен әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Эфтал Батмастың, сондай-ақ «Туризм және журналистика» кафедрасының меңгерушісі Бекжігіт Сердәлі мен өзге де азаматтардың ой-пікірлері тыңдалды. Журналистика саласындағы мәселелер мен ізденістер жайы айтылды. Студенттер де осы мәселелерге орай өз ұсыныстарын жеткізіп, Түркістанның жаңа келбетін қалыптастыру бастамасына белсене қатысатындықтарын жеткізді. 

null 

Соңғы жаңалықтар