Түркістан облысында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері талқыланды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде келелі жиын өтті.

Мәжіліс барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев әкімшілік қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық деректерінің орын алуына жол берген бірқатар азаматтарға тиісті шара қолдану мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен облыс әкімдігінің басқарма басшылары, аудан-қала әкімдері аппаратының мамандары және дербес бөлім басшылары қатысты.

Жиында сөз алған Хаким Көшқалиев жемқорлық тәуекелдерінің туындауына негіз болатын себептер мен жағдайлар туралы айтып, ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында департамент жолдаған 8 ұсынымды қарау қажеттігін алға тартты.

Оның 4-уі пара алу, 2-уі сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденіп алу, 1-уі алаяқтық, 1-уі лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану деректері бойынша тіркелген. Бүгінгі күні қылмыстық істердің 2-уі айыптау актісімен сотта қаралып жатыр.

Сонымен қатар департамент басшысы өңірде қызмет етіп жатқан мемлекеттік қызметшілерді ар тазалығын биік ұстауға, әрі ел игілігі жолында халыққа қалтқысыз қызмет етуге шақырды.

Жиын барысында мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігі жұмысқа қабылдау, еңбек шартын ұзарту және мемлекеттік сатып алу салаларында жиі қылмыстық құқықбұзушылыққа баратындығы белгілі болды. Жиында 2019 жылы әкімшілік қызметкерлерге қатысты анықталған 126 қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілгендігі айтылды.

Оның ішінде қылмыстық оқиғалардың 61-і пара алу дерегі, 31-і сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, 17-сі алаяқтық, 12-сі лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану деректері бойынша тіркелген.

Сондай-ақ, өткен жылы 54 тұлға әртүрлі тәртіптік жауапқа тартылған. Жиын соңында құқықбұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты тиісті тәртіптік шаралар қолдану ұсынылды.

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру бойынша профилактикалық бағыттағы шаралар жұмысын күшейту керектігі сөз болды. Мемлекеттік кәсіпорын басшысының орынбасарларын конкурстық комиссия мүшелері ретінде қоғам өкілдерін қоса отырып, аудио-видео көмегімен конкурс арқылы тағайындау ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар