Түркістан облысында сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес заңы түсіндірілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Елімізде басшылар өз қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауап беретін болды.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғанижан Асанұлы баспасөз брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бағынышты қызметкерлердің арасындағы сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың жеке жауапкершілігін күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама институтын қалпына келтіру туралы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнама актілеріне жаңашылдықтар енгізілгені айтылды.

«Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді. Бұдан былай, саяси мемлекеттік қызметкерлер-министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдері олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда міндетті түрде отставкаға кетуге сұрану керек»,- деді Ғанижан Асанұлы.

Аталған Заңдағы өзгеріске сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті болады.

«Орталық мемлекеттік органның басшысы (министр) үшін – бұл оның орынбасарлары, жауапты хатшы немесе аппарат басшысы, аймақтық бөлімшелердің басшылары жауапты болады. Сондай-ақ, облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімі үшін – оның орынбасарлары, аппарат басшысы, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі жауап береді. Бұдан бөлек, орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары (вице-министр) оның қарамағындағы бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде қызметінен кетеді. Ал, облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына жауап береді. Сонымен қатар аудан әкімі өзінің орынбасарларына, аппарат басшысына, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшыларына, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдеріне жауап береді», – деді Ғанижан Асанұлы.

Соңғы жаңалықтар