Түркістан облысында сұйытылған газдың литрі 60 теңгеден сатылып жатыр

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасы белгіленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайлы Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде сөйлеген сөзінде Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты.

Оның сөзіне сенсек, Түркістан облысында 14-ке жуық газ желісі ұйымы мен 202 автомобильге газ құю стансасы бар.

Биыл қаңтарда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйытылған газдың шекті бөлшек бағасын бекітті.

Оған сәйкес Түркістан облысында сұйытылған мұнай газының 1 литрінің шекті бағасы - 60 теңге.

Облыста сұйытылған мұнай газын тұтыну 2021 жылы 154,3 мың тоннаны құрады. Қаңтар-наурыз айларында шамамен 34,7 мың тонна тұтынылды.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, министрлік ұзақмерзімді баға тұрақтылығын және бағаның алыпсатарлық өсуіне жол бермеуді қамтамасыз ете отырып, сұйытылған мұнай газ нарығын реформалау бойынша шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

Сол шаралардың бірі - белгілеген бөлшек сауда бағаларын негізге ала отырып, сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасын өндіруші зауыттардың айқындауы жөніндегі әдістеме әзірлеу.

Бұл түсімді зауыттар мен сатушылар арасында әділ бөлуге мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар