Түркістан облысында суға кеткендердің жартысынан астамы – балалар

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында шомылу маусымы басталғалы 49 адам көз жұмды. Соның жартысынан астамы – кәмелетке толмаған балалар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Сұлтанғали Смайлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы жылдың басынан бері жазатайым оқиғалар салдарынан 49 адам көз жұмды. Оның 28-і кәмелетке толмаған балалар болса, 21-і ересек адамдар. Атап айтқанда, 13 бала ата-ананың қарауынсыз қалған. 8 бала рұқсат етілмеген жерде шомылған. Кәмелетке толмаған 2 бала Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында шомылуға арналған демалыс орталықтарының бассейндерінде және 2 адам балық аулау кезінде ажал құшты. Сондай-ақ құдықтар мен септиктерге түсіп кетіп, көз жұмғандар да бар», – деді С. Смайлов.

Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері: шомылуға рұқсат етілмеген орындарда шомылу; жүзе білмеу және өз күшін дұрыс бағаламау; балаларды су жағалауында үлкендердің қарауынсыз қалдыру; жеке құтқару құралдарынсыз балық аулау; алкоголді ішімдіктерді пайдаланып суға шомылу.

Сондай-ақ департамент бастығының орынбасары орман өрттеріне қатысты ахуал жөнінде мәлім етті.

«17 мамырда облыс аумағындағы орман шаруашылығына тиісті мекемелердің қатысуымен созылмалы табиғи өрттерді сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Сондай-ақ қала, аудан әкімдіктері тиісті ауыл округтерінде жалпы 11626 адамнан тұратын 979 ерікті өрт сөндіру құрылымы, сонымен қатар Сайрам, Түлкібас, Қазығұрт аудандарында өрт сөндіру бекеттері құрылды. Облыстағы 12 орман шаруашылығы жазғы өрт қауіпті маусымға дайындық жұмыстарын толық жүргізілген. Жыл басынан бері орман қоры жерлерінде өрт қауіпсіздігі қағидасын бұзу бойынша 10 жеке тұлғаға хаттама толтырылып, 164125 мың теңге айыппұл салынып, өндірілді», – деді С.Смайылов.

Соңғы жаңалықтар