Түркістан облысында суға кеткен адамдар саны азаймай отыр - ТЖД

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында судағы жазатайым оқиғалар болуы мүмкін қауіпті аймақтарды анықтау жұмыстары жүргізіліп, 139 орын қауіпті деп танылған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрғали Жүнісовтің сөзінше, жыл сайын өңірде «Қауіпсіз жаз», «Судағы қауіпсіздік» сынды сақтық шаралары ұйымдастырылады. Алайда, облыс бойынша ТЖ жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша суда қаза болған адамдардың саны азаймай тұрғанын көрсетеді. Осыған байланысты департамент бастығы облыс тұрғындарын сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Брифинг барысында сондай-ақ, дала өрттеріне қатысты да мәліметтер айтылды. Белгілі болғандай, ағымдағы жылы облыс аумағында орман өрті тіркелмеген. Ал, 2018 жылы 3 дала өрті орын алып, нәтижесінде 462 гектар жер отқа оранған. Осындай төтенше жағдайлардың алдын алу үшін департамент бастамасымен болуы мүмкін орман және дала өрттерін сөндіру бойынша өзара іс-қимыл тәжірибе жүзінде өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілген.

«Бұл іс-шараға облыстың Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті, «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі қызметкерлері және облыстық орман шаруашылықтары, жалпы алғанда 200-ден астам адам, 42 техника, оның ішінде: 12 өрт сөндіру техникасы, 14 трактор, 16 бірлік орман шаруашылық патрульдік автокөліктер қатыстырылды», - деді Нұрғали Жүнісов.

Айта кетейік, өңірде 12 орман шаруашылығы орналасқан. Оның ішінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жануарлар әлемі және орман шаруашылығы комитетіне қарасты 5 орман шаруашылығы бар.

Соңғы жаңалықтар