Түркістан облысында спорт кешені ашылды
Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Жаңа спорттық-сауықтыру орталығының лентасын Мемлекет және қоғам қайраткері, бокстан КСРО спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Амалбек Тшанов пен аудан әкімі Бауыржан Омарбеков қиды.
Жаңадан бой көтерген Жамалбек Қозыбақов атындағы зәулім спорт кешенінде тұрғындар бокс, еркін күрес, грек-рим, футбол алаңшасы, шахмат және дойбы сынды спорт түрлерімен шұғылдана алады. Құрылысы 2018 жылы басталған спорттық нысанның құны – 150 млн. теңге. Бір мезетте 100-ге жуық спортшы жаттыға алатын кешенде барлық жағдай жасалған.
«Тұңғыш Президент күніне тарту етіліп отырған осы әлеуметтік маңызы бар нысан бұқаралық спорттың дамуына өз үлесін қосып, талай дарынды шәкірттер мен дарабоз тарландар түлеп ұшып, егеменді еліміздің көк байрағын жеңіс тұғырына көтеріп, желбіретеді деп сенемін», – деді аудан әкімі Бауыржан Омарбеков.
Момбек Қозыбақов заманауи үлгіде салынған спорт кешенінің кілтін аудандық спорт мектебіне салтанатты түрде табыс етті.