Түркістан облысында шен тағып, форма киген көпбалалы аналар көп

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Қоғамда темірдей тәртіпке бағынып, ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүрген нәзік жанды арулар көп. Қиын қызметті күні-түні атқарып жүрген әйелдер қауымы қоғамдық тыныштықты сақтауда өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді.

Отырарлық Айнұр Төлеуованың ішкі істер саласында еңбек етіп келе жатқанына 10 жылдан астам уақыт болған.

Осы жылдар ішінде өзінің жұмысқа деген жоғары жауапкершілігін көрсетіп, білікті де, білімді маман екендігін дәлелдеді.

Айнұр еңбек жолын 2003 жылы Отырар АПБ «бағдарламашы» болып бастаған. Кейіннен әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы қызметін атқарды.

Ал, қазір штаб тобында аға инспектор. Білікті маман министрлік тарапынан келген нұсқаулар мен шешімдердің орындалуын бақылап отырады.

- Мамандығымды жақсы көремін. Таңертең тұрғаннан жұмысқа келуге асығып тұрамыз. Мұндағы ұжым да өз үйімдей болып кеткен. Бір отбасының балаларындай ғұмыр кешіп жатырмыз. Ал, жұмыстан соң отбасымызға асығып тұрамыз. Осындай деңгейге жеткізген әке-шешемізге, ата-енемізге рахмет айтамын – дейді ол.

Айнұр Төлеуова - көпбалалы ана. Жолдасы Арман өрт сөндіру саласында қызмет атқарады. Екеуі қазіргі таңда үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.

Балалары да шен таққан ата-анасын үлгі тұтады. Анасы да бос уақытын бала тәрбиесіне арнайды.

Тәлім тәрбие беріп, сабақ оқытады. Домбыра үйретіп, ұлттық өнерге баулиды.

Келесе аудандық полиция бөлімінде күміс алқа иегері қызмет етіп жүр.

Көші-қон қызмет тобының аға инспекторы, полиция майоры Гүлжан Құралбекова әрі бала тәрбиесімен, әрі үй шаруашылығына да ұқыпты. Барлығына үлгереді.

Жолдасы мен ұл-қыздары да шенді арудың қызметіне құрметпен қарайды.

«Сарыағаш қаласында қызмет еттім, кейіннен Келес ауданына ауыстым. Қазіргі таңда майор шенін алдым, әрі 2 ұл, төрт қыз өсіріп отырғандықтан күміс алқа иегері атандым» -дейді ол.

Түркістан қалалық полиция басқармасында ақпараттандыру және байланыс тобының аға инспекторы болып қызмет атқаратын Гүлбану Батырова да - көпбалалы ана.

Гүлбанудың өмірлік серігі Ғазиз - заң саласының маманы. Шен таққан жұп Даниял, Қайсар, Еркеназ, Сабина атты ұл-қыздарды тәрбиелеп отыр.

«Жан-жарымның анасы - менің де анам, сол үшін ол кісіге жасаған жақсылығымызды балаларымыз көріп, ертеңгі күні олар да отбасынан алған тәлім-тәрбиені бойына сіңіріп өседі. Сондықтан бірінші кезекте күйеуім екеуміз ұл-қыздарымызға үлгі болуымыз керек деп есептеймін», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар