Түркістан облысында шаруалар ағын судан тарығып отыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысында диқандар ағын судың тапшылығынан көктемгі дала жұмыстарын бастай алмай отыр.

Шардара ауданының шаруалары жергілікті каналдарды жөндеу жұмыстары бірнеше айға созылғандықтан, егістікке су келмей қалғанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Диқандардың сөзінше, су тапшылығы мәселесі биыл да қайталанып отыр. Каналдарды жөндеу жұмыстарының кешеуілдеуінен егістікке су бармай, шаруалар егін еге алмай қалған.

«Каналдарды жөндеп жатқан мердігер мекемелердің техникалары уақытылы келмей қалады не болмаса бетоны болмай қалады. Сөйтіп су берілмейді. Биыл мақтаны егуге кешігіп жатырмыз. Осылай жалғаса беретін болса, мерзімінде еге алмай қалуымыз да мүмкін»,- дейді Алатау ауылының тұрғыны Сейсен Қуан.

Мәселен. аталған аудандағы Қызылқұм мен Қазақстан ауылдарының диқандары «Қызылқұм» каналын жөндеп жатқандарға өкпесі қара қазандай. Олардың жұмысты созбалаңға салуынан ағын су келмей, қиналып қалған.

«Біз осы уақытта мақта егуіміз керек еді. Мен өзім 46 млн теңге несие алдым. Силитра, амафос дайын бізде. Бірақ бұлар суды наурыздың оны күндері беруі керек еді, бермеді. Мақта егуді мерзімінен кешіктіріп отырмыз енді, ертең банкрот болуымыз мүмкін. Жұмыс мүлде жүріп жатқан жоқ. Қатты қиналып жатырмыз. Оның үстіне осы «Көксарай» су реттегішін салған бес жылдан бері жерлер сорланып, пайдаға жарамай жатыр», - дейді «Қазақстан» шаруа қожалығының төрағасы Дмитрий Анафидин.

Мұндай қиындықтар Мақтаарал ауданында да кездеседі. Мырзашөлдің диқандары кей жерлерде каналдарды бетондау жұмыстарының салдарынан арықтарға топырақ толып, су бармай қалған. Кей жерлерде су сорғыш қондырғылар тапшылығынан диқандар судан тарығып, күнкөрістен қағылдық дейді.

«Осы жерде 150-ден аса шаруа қожалығы бар, бәріне су жетпейді. Қыста да, жазда да жетпейді бізге»,- дейді жергілікті шаруалар.

Бұл мәселеге орай еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ағын су егістікке жеткенше 40 пайызын жоғалтатынын айтады. Сондықтан жаппай каналдарды бетондау жұмыстары жүргізілуде.

«Жұмыстарды атқару барысында кестеден кешігу бар. Сондықтан 15-ші сәуірге дейін барлық жоспарланған жұмыстарды атқаратын боламыз»,- деді шаруалармен кездескен министр.

Ведомство басшысы сондай-ақ, биылғы жылы елде ағын су тапшылығы болатынын жеткізді. Себебі, көрші мемлекеттерде де осындай болжам жасалған. Қазақстан бойынша 30-ға тарта су қоймалары жөндеуді қажет ететінін айтады.


Соңғы жаңалықтар