Түркістан облысында сенаторлар Елбасы Жолдауын түсіндірді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Түркістан облысына арнайы іс-сапармен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Асқар Бейсенбаев пен Әли Бектаев келіп, Түлкібас пен Сайрам аудандарының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Жолдауын түсіндіру және насихаттау мақсатында келген сенаторлар алдымен  Түлкібас ауданы активімен және тұрғындармен кездесті. Жиын барысында сенаторлар Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарына жеке-жеке тоқталып, маңыздылығын түсіндірді. Өз кезегінде аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков сенаторларды халықтың  тыныс-тіршілігімен таныстырып, ел жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар жалғасатынын айтты. Ал, Сайрам ауданында өткен жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев  биылғы Жолдаудың  халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын мәлімдеп, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының не себептен тағы да 5 жылға ұзартылғанын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, аталған бағдарлама өзінің өміршеңдігін дәлелдеген. Яғни, бағдарламаның арқасында елімізде талай кәсіпкер несие алған. Нәтижесінде  көптеген кәсіпкерлік субъектілері іске қосылып, мыңдаған жұмыс орындары ашылған.

Айта кетейік, алдағы уақытта ҚР Парламенті Сенатының депутаттары бастаған топ Жолдауды насихаттау мақсатында  Төлеби, Ордабасы, Қазғұрт пен Отырар аудандарының тұрғындарымен кездеседі деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар