Түркістан облысында санитариялық талапты сақтамаған лагерьлерге айыппұл салынды

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Санитариялық-гигиена талаптарын сақтамаған Түркістан облысындағы лагерьлерге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру мақсатында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жазғы сауықтыру лагерьлеріне тексеру жұмыстарын жүргізді. «Балдәурен» республикалық балалар сауықтыру орталығы, «Ақсу», «Самал», «Балдаурен» лагерлерін ерекше тәртіппен тексерген дәрігерлер бірқатар кемшілікті анықтаған. Нәтижесінде 1 лауазымды және 3 жеке тұлғаға жалпы соммасы 466 720 теңге айыппұл салынды.

«Асхана қоймасында тамақ өнімдерін дұрыс сақтамау, аспаздардың жүзік, білезік, сағаттарын шешпестен тағам дайындағандығы, ас мәзірінде балаларға тамақ дайындау үшін дәрумендермен байытылмаған ұн қолданғандығы, кейбір бөлмелерде қабырға сылақтарының түскендігі, есік тұтқаларының сынғаны, дезинфекциялау іс-шараларының тиімділігіне қатысты санитариялық талаптардың сақталмағаны белгілі болды», - дейді Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Ардақ Берден.

Айта кетейік, өңірде балаларға арналған жалпы 26 сауықтыру орны бар. Оның 10-ы мемлекеттің, қалғаны жеке меншік иелігінде.


Соңғы жаңалықтар