Түркістан облысында «Самғау-2018» кинофестивалінің үздіктері анықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған жас режиссерлердің дәстүрлі «САМҒАУ-2018» қысқаметражды бейнефильмдер байқауы өз мәресіне жетті. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған байқауға  40-тан астам фильм ұсынылып, оның ішінен 20 фильм іріктеп алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқауға қатысушылар еркін тақырыпта 5-15 минут аралығында түсірілген бейнефильмдерін ұсынды. Олардың арасында «Иллюзия», «CEITNOT», «Мейірім аңсағандар», «Инстинкт», «Балық сорпа», «105», «Анама», «Қараөткел», «Отау», «STOP», «Әркім өзін ойлайды», «Дос» және тағы сол секілді бейнефильмдер бар.

Жас режиссерлердің шеберлігі мен кәсібилігін белгілі операторлар мен клипмейкерлер, театр актерлері мен блогерлер, композиторлар мен режиссерлер бағалады. Нәтижесінде ІІІ-орынды «СТОП»  бейнефильмінің режиссері Хамит Муталиев иеленсе, ІІ-орынды «Дос» бейнефильмінің режиссері Олжас Омаров жеңіп алды. Ал, І-орын «Балық сорпа» бейнефильмінің режиссері Әлішер Жәдігеровке бұйырып, Бас жүлдеге «Анама» бейнефильмінің режиссері Жандос Бабаханов лайық деп танылды.

Үздік фильм режиссерлері мен үздік номинация иегерлерін облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр марапаттап, арнайы алғыс хат пен қаржылай сыйлықтар табыс етті.

Соңғы жаңалықтар