Түркістан облысында сақтандыру мәртебесі жоқтарға жеңілдіктер жасалады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтарға жеңілдіктер жасалатын болды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев аймақтық алқалы жиын барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Асхат Бейсенбаевтың айтуынша, өңірде коронавируспен күрес шараларына 8,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде медициналық көмек көрсетуді қоса алғанда, стационарларда емделуге - 2,5 млрд теңге, ПЦР диагностикаға – 139 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Сондай-ақ, Республикалық бюджет қаражатынан үстемақы төлеу үшін Медициналық сақтандыру қорына 5.9 млрд теңге қарастырылған. Оның сөзінше, індет кезінде барлық қазақстандық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына салған жарнасының аздығына қарамастан сақтандырылған болып саналған.

«Мұндай мүмкіндік төтенше жағдай кезінде халықты қолдау мақсатында, сондай-ақ жаңа жүйенің барлық артықшылықтарын сезінуі үшін берілді. Алайда, 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап кейбір пациенттер медициналық мекемелерге жүгінген кезде олардың МӘМС жүйесіндегі қызметтерге қолжетімділігі жоқ екені анықталды. Мұндай азаматтар өтіп кеткен айлар үшін қарызын өтеуі керек», - деп түсіндірді Қор филиалының директоры.

Жалпы, төтенше жағдай кезінде ақысыз еңбек демалысына кетуге мәжбүр болған жалдамалы қызметкерлердің сақтандыру мәртебесінің жоқтығы туралы мәселе елде бірнеше рет көтерілген болатын. Осыған байланысты Үкімет тиісті азаматтарға жеңілдік беру туралы шешім қабылдап, қор оларға автоматты түрде сақтандыру статусын берген. Сонымен қатар, Қор филиалының директоры азаматтардың қандай санаттары МӘМС жүйесінде қалатынын нақтылап берді. Мәселен, соңғы 3 айда жоқ дегенде бір рет жарна төлеген, ал, берешегі екі айдан аспайтын жалдамалы жұмысшылар және соңғы 3 ай бойы қатарынан төлем жасаған, жарна қарызы екі айдан аспайтын жеке кәсіпкерлер, жеке меншік нотариустар, жеке меншік сот орындаушылары, адвокаттар да жаңа жүйенің қызметін пайдалана алатын болған.

«Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан сақтандырылған, бірақ 42500 теңге алу үшін бірыңғай жиынтық төлем төлеп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік статусы бар тұрғындар тізімінен шығып қалғандар да МӘМС жүйесіне қайтарылады. Осы аталған санаттарға 27 тамыздан бастап автоматты түрде сақтандыру мәртебесі беріліп отыр. Осылайша, коронавирус індеті кезінде табысын жоғалтқан адамдар МӘМС жүйесінде медициналық көмекті толық көлемде алу құқығына ие болды»,- деді Асхат Бейсенбаев.


Соңғы жаңалықтар