Түркістан облысында паркинсон дертіне қарсы алғашқы ортаазиялық конференция өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында паркионсон дертіне қарсы  алғашқы ортаазиялық конференция  өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Жиынға отандық дәрігерлермен қатар  Испания, Англия, Түркия және Өзбекстан елдерінен келген медицина саласындағы білікті мамандар қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сондай-ақ олар Шымкенттегі медицина академиясының студенттерімен кездесіп, облыстық ауруханада аталмыш дертке шалдыққан азаматтарды қабылдады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда өңірде бұл аурудың орта есеппен таралуы 100 мыңға шаққанда 35 адамға жетіп отыр. Неврологтар дерттің бұл түрі неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу де жеңіл болатынын айтады. Сауатты жасалған диагностика мен дұрыс тағайындалған ем науқастарды мүгедектіктен сақтап қалуға, олардың белсенді өмір сүруіне мүмкіндік береді деп отыр. 

«Бүгінгі таңда паркинсон ауруын ойдағыдай емдеуге болады. Оны жоғары деңгейде емдеуде ғалымдар жаңа тәсілдер ойлап табуда. Бұл дерттің 10 пайызға жуығы тұқым қуалайды. Дәл осы бағытта біз қазіргі таңда үлкен жұмыс атқарып жатырмыз. Егер дәрі-дәрмек дұрыс таңдалып, ем дер кезінде тағайындалса, аурудың бастапқы сатысында жақсы нәтиже береді. Ал, дәрі көмектеспейтін сырқаттарға нейрохирургиялық ем мен нейроңалту тәсілі қолданылады»,- дейді облыстың бас неврологы Нәзира Асанқызы.

Бүгінде қазақстандық дәрігерлер жоғары технологиялы нейрохирургиялық ота жасауды үйренді. Жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған конференцияда облыстық клиникалық аурухана мен Түркия мемлекетінің ғалымдары арасында ынтымақтастық меморандумға қол қойылды.

«Облыста шетел мамандарының көмегімен осы ауруды емдейтін диагностикалық орталық ашсақ деген ойымыз бар. Бұл бағытта отандық медицина емдеудің жаңа заманауи тәсілдерін ұсынып отыр»,- дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.

Соңғы жаңалықтар