Түркістан облысында «Парасатты отбасы» байқауының үздіктері марапатталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы «Парасатты отбасы» байқауын қорытындылады. Отбасы құндылықтарын насихаттау мен жанұя мәртебесін жоғарылату және озат оқушыны анықтауға бағытталған байқаудың үздіктері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттік тарапынан бастау алып, бүгінде Республика бойынша барлық аймақтарда өткізілген шараға Түркістан облысынан 5 отбасы қатысты. Байқаудың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аталған департаменттің өкілі Ғ.Жүндібаев қоғамда әрбір отбасы мен балаға берілетін тәрбиенің маңыздылығын атап өтті.

«Адам баласына отбасы беретін қамқорлық пен тәрбиені ешбір қоғамдық тәрбие алмастыра алмайды. «Отан - отбасынан басталады» деген мағынасы терең аталы сөз бар. Қоғамның тірегі әрбір отбасы екенін бағзыдан біздің санамызға сіңіріп келген. Шын мәнінде отбасында береке - тыныштық болмаса, азаматтардың қоғамға белсенді үлес қосуы мүмкін емес», - деді Ғ.Жүндібаев.

Әр аудан-қалалардан келген отбасы мүшелері байқауда бақ сынасып, өз өнерлерін көрсетті. Әрбір жанұядағы балалардың оқуда және спорттағы жетістіктері сараланып, жеткен жетістіктері туралы әзірлеген бейнероликтер тамашаланды. Қатысушылар қазақы дәстүрлерді жаңғыртып, отбасы құндылықтары мен парасаттылық қағидаттары бойынша қойылған сауалдарға жауап берді. Байқау соңында бірінші орынды Ордабасы ауданынан келген Алдабергеновтер отбасы иеленсе, екінші орын Түркістанда тұратын Шакіровтардың жанұясына бұйырды. Ал, үшінші орын Арыс қаласынан келген Орынбасаровтар отбасына берілді.

Сонымен қатар, 2 отбасыға «Өнегелі отбасы» және «Шығармашыл отбасы» сияқты ынталандыру сыйлықтары мен грамоталар табысталды.

Соңғы жаңалықтар