Түркістан облысында пандемиямен күрес күшейтіледі

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте коронавирус инфекциясымен күрес жұмыстарының барысы баяндалды. Аймақ басшысы облыс аумағында пандемиямен күрес жұмыстарын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы мәліметтер бойынша, өңірде коронавирус инфекциясының расталған 832 жағдайы тіркеліп, аурудың өршуі орын алып отыр. Сауығып шыққандар саны - 335. Індет облыстың барлық аумағында тіркелген.

Жалпы, инфекциялық стационарларда 365 төсек-орын, провизорлық стационарларда 1305 төсек-орын, карантиндік орталықтарда 1185 төсек-орын ұйымдастырылған. Тәулігіне 650 тест жасауға қауһарлы 4 зертхана жұмыс істейді.

«Аймақта жағдай өте күрделі. Барлық ауданда індетпен күрес мақсатында тиісті шараларды қолдануымыз қажет. Науқастар ауруханаларда орын және дәрі-дәрмек тапшылығынан қиналмауы керек. Ең бастысы, қазіргідей қиын сәтте облыстың барлық аудан-қалаларында және әрбір елді мекендерде карантиндік шектеу режимін күшейтіп, талапты қатаң түрде сақтауды тапсырамын. Атап айтқанда, тұрғындардың көшеге тек бетпердемен шығуын және халық көп шоғырланатын орындарда міндетті әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтауды қамтамасыз етіп, облыста құрылған мобильді топтардың жұмысы жандандырылып, жүйелі түрде жүргізілсін. Шектеу шараларын елемей, заң бұзушылықтарға жол берген жеке және заңды тұлғаларға түсіндіру шаралары, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданғаны жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік мессенджерлерде кеңінен хабарлап отыруды тапсырамын», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Карантин режимі кезінде қызметін жүзеге асыратын нысандарға тексеру жүргізу алгоритміне сәйкес Түркістан облысы аумағында 71 топ жасақталған. 6229 нысан тексеріліп, карантин талаптарын бұзған 1269 нысанға ескерту актілері берілген. Ескерту актілері берілгенімен, карантин талаптарын қайта бұзған 67 нысанға әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылды. Оның ішінде 45-і жергілікті атқарушы сот органдарына жолданып, соттың шешімімен 2 жеке тұлғаға 5 АЕК және 2 жеке кәсіпкерге 100 АЕК есебінде айыппұл салынған. Атқарылған жұмыстар туралы Өмірзақ Шөкеевке әрі қарай да жүйелі мәліметтер ұсынылады. Аймақ басшысы аталған жұмыстардың жүзеге асуына аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының тікелей жауапты екендіктерін ескертті. Облыс аумағында коронавирус инфекциясымен күрес жұмыстарының барысы қарастырылған аппарат мәжілісінде Мақтаарал және Төле би аудандарындағы төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары мен осал топтағы азаматтарға көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдау жұмыстарының барысы туралы да баяндалды.


Соңғы жаңалықтар