Түркістан облысында оқулықтарды жалға берген кітапханашы жұмыстан шығарылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Түркістан облысының Төле би ауданында  оқушыларға оқулықтарды жалға берген кітапханашы ақыры жұмыстан шығарылды. Бұл туралы облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметі мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бұған дейін Шахта Тоғыс елдімекеніндегі № 8- шағын жинақты жалпы орта мектебінде оқулықтар оқушыларға 400 теңгеден жалға беріліп жатқандығы жөнінде айтылған болатын. Осыған орай 21 қыркүйекте құрамында Төле би аудандық білім бөлімінің басшылығы мен аудандық мәслихат депутаты, әкімдіктің бас инспекторы мен білім бөлімінің әдіскерлері бар арнайы комиссия құрылып, аталған мектептегі кітапхана жұмысына тексеру жүргізген.

«Биылғы оқу жылында № 8-ші шағын жинақты жалпы орта мектебіндегі 2-сынып оқушыларының 12-сіне кітаптар жетпеген. Мектеп кітапханашысы Н. Досалиева жетпеген оқулықтарды Б.Биболатұлы атындағы орта мектептің кітапханашысынан өзара келісім актісін  түзу арқылы бір оқу жылына ақысыз қолдануға алған. Аудандық білім бөліміне кітаптар жетпеитіні туралы хат жолдамаған. Кітапханашы мен сынып жетекшісі оқушылардың ата-аналарына жалға алдық деп айтқан. Бұл туралы мектеп басшылығын ескертпеген. Ата-аналардың барлығынан ақша жинап үлгермеген», - делінген комиссия жұмысының қортындысында.

Облыстық Білім басқарманың хабарлауынша өрескел кемшіліктерге жол бергені үшін аудандық білім бөлімінің кітапхана ісіне жауапты әдіскеріне ескерту, мектеп директорына сөгіс берілген.  Сынып жетекшісіне қолданылып, кітапханашы жұмыстан босатылған.

Соңғы жаңалықтар