Түркістан облысында «Nur Otan» қызметкерлері халықпен сөйлесу мәдениетіне үйренуде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының қызметкерлеріне арналған біліктілікті арттыру семинар-кеңесі өтуде. Шара барысында партия мүшелері халықпен кері байланыста және антикризистік жағдайларда өзін-өзі ұстау мен сөйлесе білу мәдениетіне үйренетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай тапсырманы өңір әкімі, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев облыстық «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында тапсырған болатын. Семинарда партиялықтар «Стартегиялық менеджмент», «Стратегиялық құжаттарды талдау және қолдану», «Жаңа ақпараттық медиа-технологияларды тиімді басқару», «Эмоционалды интеллект», сонымен қатар «Сторителлинг», «Сараптау негіздері» тақырыбында дәріс тыңдады.


Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, бұл басқосудың қажеттілігі мен маңыздылығы зор.

«Қоғам күнделікті дамып отырған сәтте мұндай біліктілікті арттыру тетігі бізге қажет. Біз түрлі мәселелер бойынша халыққа қызмет көрсетіп, мәселесін қараймыз. Ал, бұл сәтте заманауи механизмдер мен жаңаша бағытта стратегия құра білу - біздің қызметкерлердің міндеті. Сол себепті, мұндай семинарлардан күтілетін нәтиже оң болары анық», - деп атап өтті Бейсен Тәжібаев.


Семинарды Нұр-Сұлтан қаласынан келген ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы, бизнес-аналитик, коуч-тренер Айнұр Ыдырысова өткізуде. Аудан, қала және облыстық филиал қызметкерлері үшін ұйымдастырылған семинар екі күнге жоспарланған. Оның нәтижесінде қызметкерлер үшін арнайы рейтинг жасалып, халыққа қызмет көрсету сапасы артады деп күтілуде.


Айта кетейік, «Nur Otan» партиясы «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты қайта жандандыру бағдарламасымен жаңғыру кезеңін бастап, жаңа жобалар мен заманауи жүйе тетігін қалыптастыруда. Мәселен, облыстық партия филиалы ашық форматқа көшіп, қоғамдық қабылдауды әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы көрсетуді қолға алды. Енді азаматтар әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы кез келген уақытта арыз-шағымын қалдырып, нақты жауап ала алады.




Соңғы жаңалықтар