Түркістан облысында мессенджерде тараған сібір жарасы жайлы ақпарат жалған - департамент

Фото:
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Сібір жарасына қатысты WhatsApp мессенджерінде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысының санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті соңғы күндері Whats App мессенджері арқылы сібір жарасына қатысты таралып жатқан аудиожазбаның жалған екенін мәлімдеді.

Түркістан облысы Түлкібас ауданының екі тұрғынынан түйнеме табылған. ​​​​​​​​

Қазіргі уақытта оның біреуі Ақмола облысында, екіншісі Түркістан облысында ем қабылдап жатыр. Науқастардың жағдайы бірқалыпты, жақында ауруханадан шығарылады.

Ал ауру малдың еті Түркістан облысына тиесілі емес. Науқастардың сөзінше, олар етті Жамбыл облысынан сатып алып келген.

Нақты кімнен және қай жерден сатып алғанын тергеу-тексеру жұмыстарымен құзыретті органдар айналысып жатыр.

«Құрметті облыс тұрғындары! Ет және ет өнімдерін тек қана ветеринариялық анықтамасы бар сенімді жерлерден сатып алуға шақырамыз. Белгісіз азаматтар таратқан аудиожазбаларға сенбеуді сұраймыз» деп ескертеді Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.


Соңғы жаңалықтар