Түркістан облысында мемлекеттік қызметкерлер жетіспейді

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында халық тығыз орналасқан, ал оларға қызмет көрсететін мемлекеттік қызметшілер жетіспейді. Мәселе бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың өңірге сапары барысында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарыағаш ауданында әрбір мемлекеттік қызметкерге мыңға жуық тұрғыннан келеді. Ал, Арыс қаласында 44 мың адамға 7 мемлекеттік қызметкер ғана бөлінген, оның төртеуі бір жылдан аса уақыттан бері уақытша қызметінен шеттетілген. Жетісай ауданында 45 мыңға тарта оқушы мен жүзден аса мектеп болса, білім бөлімінде небәрі 3 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді.

Дархан Жазықбаев бұл проблемалар қазір агенттік тарапынан қаралып жатқанын жеткізді. Ол сондай-ақ, қазіргі жүргізіліп жатқан реформаларды оңтайлы жүзеге асыру барысын баяндап, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тиімді әрі сапалы жүзеге асыру қажеттілігін алға тартты. Мемлекеттік қызметке іріктеуді жеңілдету бойынша жасалып жатқан бірқатар ұсыныстарға тоқталды.

Сондай-ақ, Түркістан, Кентау қалаларында және Ордабасы ауданында жеке қабылдаулар өткізіп, азаматтардың арыз-шағымдары мен талап-тілектерін тыңдады. Қожа-Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы, профессорлар құрамымен және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің студенттерімен кездесті. Жастарға мемлекеттік қызметке орналасудың жолдарын түсіндіріп, болашақта олардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, жалақылары өсуі мүмкін екенін жеткізді. Айта кетейік, Түркістан облысындағы қазіргі мемлекеттік қызметшілердің 500-ден астамы - осы оқу орынның түлектері.

Еске салсақ, Дархан Жазықбаев Қоғамдық кеңестің жаңартылған құрамының алғашқы ресми кездесуінде мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу кезінде үміткердің әртүрлі қырларын қамтитын бағалау жүйесі керектігін мәлім еткен.



Соңғы жаңалықтар