Түркістан облысында мемлекеттік қызмет көрсету саласында заңбұзушылықтар азайды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті былтыр өңірдегі мемлекеттік қызмет көрсету заңнамасын сақтауға қатысты 35 тексеру жүргізді.

Нәтижесінде 1 157 бұзушылық анықталды. Заңбұзушылықтар 2019 жылмен салыстырғанда 32 пайызға төмендеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов мәлімдеді.

Оның айтуынша, заң бұзушылықтардың басым бөлігі жер қатынастары – 632 (54,6%), халықты әлеуметтік қорғау – 377 (32,5%), ауыл шаруашылығы – 70 (6%), сәулет және құрылыс – 52 (4,4%) салаларында болған.

«Департамент тарапынан әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген бірқатар лауазымды тұлғаға қатысты 47 әкімшілік хаттама түзіліп, 1 807 525 теңге айыппұл мемлекет кірісіне өндірілген. Өз кезегінде, құқық бұзушылықтардың ішінде көп кездесетін жағдайлар: рұқсат беру мерзімін бұзу, рұқсат беруден негізсіз бас тарту, әкімшілік жаза қолданғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер», - деді департамент басшысы.

Түркістан облысында 610 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оларда қазіргі таңда 6 624 мемлекеттік қызметші жұмыс атқаруда. Бос лауазымдар саны – 388 бірлік. Айта кетерлігі, жалпы Түркістан облысында қызмет беруші мекемелер тарапынан 2020 жылы көрсетілген 18 027 462 қызметтің 91,1%-ы электронды.

«Өтініштердің негізінде департамент өкілдері 24 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, арыздардың 66,6%-ы қанағаттандырылып, 8 тұлға тәртіптік жауапқа тартылды. Облыста мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапқа тартылу дейгейі өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға азайған. Сонымен қатар, 2020 жылы өткен жылмен салыстырғанда Әдеп нормаларын бұзу дерегі бойынша тәртіптік істер 43%-ға кеміген», - деді Айбек Ақбергенұлы.


Соңғы жаңалықтар