Түркістан облысында мемқызмет саласына енгізілген өзгерістер түсіндірілді

None
None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат - Түркістан облысында мемлекеттік қызмет саласы бойынша енгізілген өзгерістер түсіндірілді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғалым Тұрсынбаевтың сөзінше, «Б» корпусы лауазымына үміткер тұлғалар үшін жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуде жауаптардың растық деңгейі 50 пайыздан кем болмауы тиіс. Егер көрсеткіш нәтижесі төмен болса үміткер жеке қасиеттерін бағалаудың растық деңгейінен өтпеді деп танылады және бір айдан кем емес мерзімнен кейін қайта өтуге мүмкіндік алады.

"1 ақпаннан бастап департамент қызметшілері өңірлердегі тестілеу орталығында тестілеу әкімшісі ретіндегі қызметін тоқтатты. Бұл қызметті «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ тестілеу операторы атқаратын болады және осы уақыттан бастап «Б» корпусының бос лауазымына үміткерлер конкурс жариялаған мемлекеттік органға заңнаманы білу туралы сертификат пен жеке қасиеттерін бағалау қорытындысын өткізбейді", - деді ол.

Сондай-ақ, коммуникациялар қызметінде белгілі болғандай, «Б» корпусы лауазымдарының үлгілік біліктілік талаптарына ең төменгі лауазымдарымен қатар жоғары лауазымдар үшін де еңбек өтілі қажет етілмейді. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардағы бас маман лауазымына жоғары білім болса жеткілікті, ал жетекші маман лауазымына жоғары немесе орта білімнен кейінгі білімі бар тұлғалар үшін орналасу құқығы берілген. Осынау өзгерістердің нәтижесінде лауазымдық санаттар бойынша қойылатын талаптар біршама жеңілдетілгенін хабарлаған департамент басшысы бұл жұмыстардың нәтижесінде меритократия қағидаттарын нығайту мүмкіндіктері артқанын айтты.

Соңғы жаңалықтар