Түркістан облысында МӘМС бойынша қызмет көрсететін медициналық ұйымдар көбейіп келеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысына арнайы іс-сапарамен келген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов бірқатар медициналық мекемелерді аралап көрді.

Басқарма басшысы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен бірлесе Сайрам, Қазығұрт, Отырар, Ордабасы аудандарындағы және Кентау қаласындағы медициналық ұйымдарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдегі емханаларда медициналық көмекке қажетті тиісті шаралар жетілдіріліп, сандық жүйемен жұмыс істеу мен науқастарға қажетті көмектер толығымен қамтамасыз етілген.

Сала мамандарының айтуынша, жоспарлы түрде көрсетілген стационарлық қызметтердің көлемі артып, шұғыл жағдайлар керісінше төмендеген. Қазір халық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың аясында медициналық көмекке дер кезінде көрінуге бейімделіп келеді. Ал, консультативтік-диагностикалық қызметтерді тұтыну 63,3 %-ға өскен. Ультрадыбыстық зерттеу қызметін алушылар 16 % артқан. Тіпті, стоматологиялық шұғыл және жоспарлы ем-шараларын алушылардың қатары артқан. Жұмысшы топ өкілдері бұдан соң облыс әкімдігінде өткен МӘМС жүйесі бойынша өңірлік штаб отырысында бас қосты.

Жиында өңірде КТ, МРТ, УДЗ және стоматологиялық қызметтерін тұтынушылардың артуына байланысты бірлесіп қызмет көрсетуге дайын медициналық мекемелерді тарту шараларын қолға алу тапсырылды. Сондай-ақ медициналық мекемелердің қаражатты толық игеруі қатаң бақылауда болады.

Айта кету керек, ағымдағы жылдың 1-ші сәуіріне дейін барлық тұрғындар шартты түрде сақтандырылған болып саналады. Жеңілдік кезеңі аяқталғаннан кейін, сақтандырылмаған пациенттер медициналық көмек алуды жалғастыра береді. Алайда, ол тек медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ғана болмақ. Қалған қызметтер ақылы болады. Сондықтан тұрғындарға 31-ші наурызға дейін МӘМС жүйесінде сақтанушының мәртебесін алу маңызды.


Соңғы жаңалықтар